НҰР-СҰЛТАН – МЕНІҢ ЖҮРЕГІМДЕ » №7 ОРТА МЕКТЕП
Алматы облысы
Іле ауданы білім бөлімінің
"№7 орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 43-50-93
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » НҰР-СҰЛТАН – МЕНІҢ ЖҮРЕГІМДЕ
06
июнь
2021

НҰР-СҰЛТАН – МЕНІҢ ЖҮРЕГІМДЕ

«Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздіктің тірегі». Егер біз бабаларымыздың қанымен келген тәтті сыйымыз тәуелсіздікті ұлы жетістігіміз деп есептесек, Елордамыз соның ең асқақ жемісі. Ол – қазақ деген абыройлы елдің атағын асқақтата түскен биік қамал, тәуелсіздіктің символы. Ол – Отанымыздың жүрегі, бейбіт елдің баға жетпес байлығы. Шілде айының 6-жұлдызы – Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесі. Жалпы, Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та, дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, Елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біздер еліміздің келешегі - жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етіп жатыр. 
Коронавирустық инфекцияның салдарынан Астана күні мерекесі өз деңгейінде тойланбады. Алайда, мемлекеттік мекемелере осы атаулы күнге байланысты шаралар мен мереке қарсаңында игілікті істер атқарылуда. Мәселен, мерекелік күнге орай ауданымыздың біршама тұрғындары баспаналы болып, жеке пәтерлерінің кілтін қолға алды. Осы тізімде біздің мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жолдыбаева Арайлым да бар. 
Мемлекетіміздің бас қаласы, Елорда күні мерекесіне орай мектебімізде де рухани-патриоттық шаралар ұйымдастырылды. Жазғы демалыста болса да, оқушылармен тығыз байланыс орнатып, Астана күніне орай онлайн құттықтаулар, сурет байқаулары өткізілді. Жоғары сынып оқушылары өздерінің астана күні жайлы білгендерін ортаға салып, құттықтаулар жолдаса, бастауыш сынып, 5-6 сынып оқушылары «Нұр-Сұлтан – менің жүрегімде» тақырыбында онлайн сурет көрмесін ұйымдастырды. 
Астана күні мерекесі қарсаңында мектебімізде көптеген шаралар кешені өткізіліп, жас ұрпақтың жүрегіне астанамызды құрметтеп, ел тарихын есте сақтауға тәрбиелеп жүрміз. 
Ж. Қ. ТӨЛЕГЕНОВА, 
№7 орта мектеп директорының 
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары